Экономика

Жобалық менеджмент – қазіргі заманғы басқару тренді

VUCA-әлем жағдайында мемлекеттік сектор айтарлықтай өзгерістерге ұшырауда. Әлемдік саяси аренадағы, экономикадағы тұрақсыз жағдай, пандемия сияқты «қара аққу» мемлекеттердің даму бағытына өзгерістер енгізуде.

Бұл өз кезегінде мемлекеттік басқару жүйесінің икемділігін, бейімделгіштігін талап етеді.

Жобалар қазіргі заманғы компаниялар мен мемлекеттердің қызметінде маңызды роль атқарып келеді. Жобаларды басқару тиімділігін тәртіпке келтіру және арттыруда үлкен қажеттіліктің болуына қарамастан жобаларды басқарудың негізгі тұжырымдамалары мен жүйелік басқару әдістері көптеген менеджерлерге беймәлім болып отыр.

Жобаға жауапты ретінде тағайындалған басшы басқарудың дәстүрлі әдістерінің жобалардың кейбір түріне ғана қолданысты екендігін түсінеді. Мақсаттар мен оларға қол жеткізу шарттарының ерекшеліктері, жоспарлардың анықсыздығы мен әртүрлі мүдделердің болуы жобаларды жүзеге асыру белгілері болып табылады. Жоба менеджері мен қатысушыларынан осындай жағдайларда жұмыс жасауға мүмкіндік беретін арнайы білім мен біліктіліктің болуын талап етеді.

Қазақстан-2025 стратегиясы бойынша мемлекеттік органдардың ішінде, бірінші кезекте, ірі өзгерістерді талап ететін жобаларды әзірлеу мен іске асыру сияқты салаларда пайдалану үшін жобалау тәсілдерін тарату бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Ең қазіргі заманғы, мысалы, цифрлық технологияларға байланысты тақырыптар бойынша бағдарламалар мен жобалар әзірлеу үшін Agile сияқты қазіргі заманғы тәсілдер қолданылатын болады.

Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін тиімді шешу үшін Қазақстанның Үкіметі дәстүрлі басқару тетіктерімен қатар берілген бағыт бойынша өзгерістер мен тәуекелдерді басқарудың арнайы құралы – жобалық басқару жүйесін енгізді. Халықаралық тәжірибені талдау негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметінде жобалық басқару моделі әзірленді.

Үкіметте жобалық басқарудың негізгі мақсаты экономиканың өсу қарқынын жеделдету үшін қосымша шараларды іске асыруды қамтамасыз ету болып табылады. Жобалық басқару департаменті мемлекеттік органдарға жобалық басқаруды енгізу бойынша үйлестірушілік және әдіснамалық қолдау көрсетеді.

Жобалық басқару технологиялары жергілікті атқарушы органдар да ензілуде. Қазақстанда өңірлік деңгейдегі аумақты дамыту бағдарламасын іске асыру офистері құрылды. Өңірді дамыту бағдарламасы аумақты дамыту бағдарламасын және өңірді дамытуға бағытталған басқа да жобалар тобы, жобалар мен шаралар жиынтығын қамтиды. Ақтөбе облысының аумақты дамыту бағдарламасын жүзеге асыру офисінің үйлестірушісі «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы болып табылады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес мемлекеттік органның жобалық офисі дегеніміз жобалық қызметтің барлық қатысушыларымен жобалық қызметтің өзара әрекеті мен үйлесімділігін қамтамасыз ететін матрицалық басқару құрылымы қағидаттары негізінде мүдделі жақтардың қатысуымен мемлекеттік органмен құрылатын ұйымдық құрылым. Жергілікті басқару жүйесінде құрылған аумақты дамыту бағдарламасын жүзеге асыру офистері негізгі 5 базалық бағытта жұмыс жасайды:

  1. Адам капиталы;
  2. Инфрақұрылымды дамыту;
  3. Кәсіпкерлік және индустрия;
  4. Агроөнеркәсіптік кешен;
  5. Мемлекеттік сектор, мемлекеттік қызмет көрсету, қауіпсіздік және цифрландыру.

Ақтөбе облысының аумақты дамыту бағдарламасын жүзеге асыру жобалық офисінің жобалық командасы ҚР «ISO 21500-2014 Жобаларды басқару жөніндегі басшылық» стандарты бойынша 40 сағаттық семинар-тренингтен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының базасында өтті. Семинардың қатысушылары – 5 базалық бағытты қамтитын білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, ветеринария, табиғатты қорғау, индустриалды-инновациялық даму, т.б. басқарма және департамент мамандары болды. Семинардың мақсаты – Ақтөбе өңірінің аумақты дамыту бағдарламасын жүзеге асыру Жобалық офисінің қызметін ұйымдастыру және жандандыру бойынша жобалық ойлау біліктілігін арттыру болып табылды.

Жобалық офистің жоба командасы жобалық менеджмент технологияларымен, атап айтқанда, идеяны бастамашылдық ету, оны жоспарлау, жүзеге асыру және бақылау, аяқтау процестерімен толық танысты. Жобалық менеджменттің негізгі мазмұны – жоба идеясы туындағаннан бастап нәтиже алғанға дейінгі процесс бақылауда болатын, шекті ресурстар жағдайында ерекше нәтиже алуға бағытталған процесс.

Мемлекеттік органдарда жобалық басқарудың негізгі мақсаттары болып табылады:

  • қазіргі заманғы технологияларға негізделген жаңа ұйымдық мәдениет пен сервистік үлгі енгізу;
  • жобалық басқарудың құралдары, әдістері, жақсы тәжірибесі мен стандарттары негізінде мемлекеттік секторда жобалық басқаруға бірыңғай біріздендірілген тәсілді қамтамасыз ету;
  • мақсаттар мен нәтижелерге қол жеткізу дәрежесіне уақытылы басқарушылық шешімдер қабылдау үшін жедел онлайн-мониторинг және жағдаяттық талдау жүргізу;
  • республикалық және жергілікті бюджет есебінен, сонымен қатар мемлекеттік-жеке меншік әріптестік есебінен қаржыландырылатын жобаларға бастамашылдық ету және іске асыру процестерінің азаматтар үшін ашықтығы мен мөлдірлігі;
  • орнықты даму бағытында мақсаттарға қол жеткізу.

Мемлекеттік секторға жобалық менеджмент қағидаларын енгізу түрлі басқару деңгейіндегі мемлекеттік қызметшілерге экономика мен қоғамның дамуының өзекті міндеттерін неғұрлым тиімді шешуге мүмкіндік береді. Жобаларды басқару мемлекеттік басқару жүйесінің құрамы, түрлі мемлекеттік бағдарламалар, жоспарлар мен жобаларды табысты жүзеге асырудың әмбебап кілті болып табылады.

Мемлекеттік басқару жүйесіне жобалық басқару қағидаттарын енгізу бюджеттік жоспарлауды жақсартуға, бюджет құралдарын пайдалану тиімділігін арттыруға, сонымен қатар мемлекеттік инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Есберген Раушан Әкімгерейқызы

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Мемлекеттік басқару Академиясының

Ақтөбе облысы бойынша филиалының профессоры, э.ғ.к.

Басқа жаңалықтар

Back to top button